Қазақтың туыстық атаулары,және олардың мағынасы: Абысын - ағайынды адамдардың әйелдері. Бажа - бір адамның немесе ағайынды кісілердің қыздарына үйленген адамдар. Бөле - бірге туған апалы-сіңілі кісілердің балаларының арасындағы туыстық қатынастың атауы. Балдыз - әйел адамдардың жасы кіші туыстары. Ене - ерлі-зайыптылардың аналары бір-біріне ене болады. Құда - күйеу мен қалыңдықтың(ерлі-зайыпты адамдардың) аталары, әкелері. Құда бала - құдасының баласы (ұлы) т.б. жасы кіші туысы. Құдағи - Күйеу мен қалыңдықтың шешелері немесе әжелері (құдандал адамдардың әйелдері). Құда-жекжат - ілік-шатыс құда адамдар. Құдандалы - қыз алысып, қыз беріскен, сүйек шатысы бар адамдар. Құдаша - ерлі-зайыпты адамдардың жасы кіші әйел туыстары (құдандалы адамдардың қыздары). Жиеншар - жиеннен туған бала. Жиен - күйеуге шыққан қыздан туған бала. Жеңге - атаның, жасы үлкен туыстардың әйелі. Жезде - туысқан адамдардың өзінен үлкен апасының күйеуі. Күйеу - әйелдің ері, жұбайы. Келін - ата-ана үшін баласының әйелі де, жасы үлкен ағалары мен туысқандары үшін інісінің әйелі. Қайын - қыз алып, қыз берген екі елдің күйеу мен келінге туыстық қатынасын білдіретін сөз. Қайын аға - ерлі-зайыптылардың туған және туысқан ағаларының оларға туыстық қатынасы. Қайын ата - күйеу мен келіннің туған әкелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын ене - күйеу мен келіннің туған шешелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын бике - күйеу мен келіннің туған әжелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын сіңілі - күйеудің қарындастарының әйеліне туыстық қатынасы. Қайын іні - ерлі-зайыптылардың өздерінен кіші ұл бауырлары. Қайын жұрт - қыз беріп, қыз алысқан екі елдің қыз бен күйеу жақындығын білдіретін сөз.